Май ОКЖ кітапханашылары 15 сәуір – «Қозы Көрпеш – Баян сұлуға» ғашықтар күніне орай «Мәңгілік жыр» атты ерекше кітапхана түні шарасын ұйымдастырды. Бұл шара қазақ халқының ғасырлар бойы жырланып келе жатқан ғашықтық дастандарына арналды.
«Мәңгілік жыр» кітапхана түні аясында қатысушылар ұлттық әдебиетіміздің інжу-маржаны саналатын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген 100 томдық «Бабалар сөзі» кітабын кеңінен насихаттап ғашықтық дастандардың тарихы мен мазмұнына терең бойлауға мүмкіндік алды. Кітапханашылар дастанның шығу төркіні, басты кейіпкерлерінің трагедиялық махаббаты туралы қызықты әңгімелер айтып, дастаннан әсерлі үзінділер оқыды.
Шара бағдарламасында дастан рухын жеткізетін «Сахнада кітап» әдісі театрландырылған көріністер ұсынылды, кітапхана оқырмандары өздері де белсенді рөл атқарды. Сонымен қатар, «Жыр жауһар» поэзия алаңында қатысушылар, жергілікті айтыскер ақын Ерлан Аманқожа өз өлеңдерін оқыды, «Әсем ән» бағдарламасында ойын-сауық орталығының өнерпаздары, Самал Әбілтаева Ольга Ахметшина, Сәния Мұстафина жас әншілер Алинур мен Альтайыр әндерін орындап, кештің әуездік ажарын кіргізді.
«Қызықты ойындар» алаңында Май ОКЖ кітапханашылыры ғашықтық дастандарға байланысты QR кодты бүктемелер, брошюралар, басқа да материалдар қойылған көрме ұйымдастырды. Бұл қатысушыларға дастанның бай мұрасымен жақынырақ танысуға жол ашты.
«Мәңгілік жыр» кітапхана түні жастардың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын оятып, сүйіспеншілік пен адалдықтың символына айналған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының мәңгілік құндылығын тереңірек түсінуге септігін тигізді. Шара соңында қатысушылар кітапханашыларға ұйымдастырылған мағыналы кеш үшін алғыстарын білдірді.