Мәдениет үйінің фойесінде Май аудандық «Шамшырақ» газеті, аудандық кітапхана және мәдени ойын-сауық орталығының ұйымдастыруымен 27 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары күніне орай, сондай-ақ жергілікті «Шамшырақ» газетінің 85 жылдығына арналған «Аудан өмірінің айнасы» атты тағылымды кездесу кеші өтті.
Шара барысында «Шамшырақ» газетінің өткен жолы, қалыптасу тарихы мен бүгінгі тынысы кеңінен сөз болды. Газеттің аудан халқы үшін ақпарат көзі ғана емес, тәрбие мен таным құралы, жергілікті өмірдің айнасы ретіндегі орны ерекше екені атап өтілді. Басылымның өңір дамуына қосқан үлесі, ұжымның кәсіби шеберлігі мен ізденісі қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.
Кешке газеттің бұрынғы және қазіргі қызметкерлері, ардагер журналистер, оқырмандар мен жас буын өкілдері қатысты. Олар өзара емен-жарқын әңгімелесіп, басылым тарихынан сыр шертіп, есте қалған сәттерімен бөлісті. Газет редакциясының тыныс-тіршілігі, журналистика саласындағы қиындықтар мен қызықтар, шығармашылық жолдың қыр-сыры туралы шынайы естеліктер айтылды.
Іс-шара аясында «Жергілікті ақын-жазушылар» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, көрмеге 2001–2010 жылдар аралығындағы «Шамшырақ» газетінің тігілімі ұсынылды. Сондай-ақ жергілікті ақын Серік Мұхтаровтың «Біз бақытты екенбіз» және Ғабит Сапаровтың «Кітаптарым» атты жүрекжарды өлеңдері оқырман қауымға ерекше әсер сыйлады.
Жылы жүздесуге, шынайы пікір алмасуға толы бұл кеш ауданның рухани өміріне серпін берген, тағылымы мол, әсерлі шара ретінде есте қалды.