Аудандық кітапханада Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұранды ердің – ұрпағы қайсар» атты патриоттық кездесу кеші өтті.
Кездесуге №19 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері және Көктөбе орта мектебінің ұстаздары, оқушылары және Б.Жылқыбаев атындағы өнер мектебінің оқушылары қатысты.
Кітапхана ұжымы «Ерлік даңқы ешқашан өшпейді» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, қатысушыларды соғыс тақырыбындағы әдебиеттермен таныстырды. Сонымен қатар, тыл ардагері Шайхы Мықышұлының қызы Бәтес Шайхықызының «Әке рухына тағзым – перезентік парыз» атты кітабымен таныстырды. Б.Жылқыбаев атындағы өнер мектебінің оқушылары Шайхы Мықышұлының «Туған жер», «Өнерпаздарға» өлеңдерін оқыды.
«Ұранды ердің – ұрпағы қайсар» кеші — тек өткенге тағзым ғана емес, болашаққа деген сенім мен ұлт рухын асқақтататын мазмұнды шара болды. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, бейбіт өмірдің бағасын ұғынуға жол ашады.